Мен кіммін?
Осы сұраққа жауапты іздеп өмір сүріп келем. Жырақтан да, әлемдік те, ұлттық та ойшылдардың еңбегінен іздеп, басқа да мен үшін беделі бар адамдардан да сұрадым. Менің кім екенімді өз бойымнан, өз мүмкіндіктерімнен, өз қарым-қатынастарымнан емес, алыстан, сырттан іздегенім – әрине сорақылық және жанға бататын дүние. Тіпті осы уақытқа дейін бұл сұраққа «ана тілімде жауап беремін», одан бөлек «өзімді өз тарихыммен байланыстырам» деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті.
Жасөспірім кезімнен бастап жанымды мазалаған бұл сұраққа әр кезде әрқалай жауап бердім. Санамен жауап бердім, ашумен жауап бердім, ермелікпен жауап бердім. Қазіргі жауабым – ішкі үніммен байланыстан туындағанына сенімім мол.
Джеймс Бьюдженталь адамды өзінің және оның бойындағы кездейсоқ дүниелердің қосындысы ретінде қарастырады. Осы ой менің қазіргі сезінуімнен көбірек хабар береді. Иә, қазір мен көбіне салдармын.
Мен тәуелсіз елде дүниеге келген бірінші ұрпақтың өкілімін. Алдыңғы ұрпақ отаршылдық пен тоталитарлық режимді, оның ішінде көптеген зұлматтарды бастан өткерді. Бұны тәуелсіз ұрпақ өкілі ретінде көзіммен көрмесем де, бұл тарихи факт менің өмір сүріп келе жатқан салтыма және соның нәтижесінде маған үлкен әсер еткенін айтпасқа болмайды. Сол ұрпақтың тәрбиесін көрдім. Менің жараларым қанмен емес, салдарлы тәрбиемен берілгенін енді ұғынудамын. Мен үшін қазақ – сорлылықпен, өткенді аңсаумен, әйелді жермен жексен етушілікпен, ұят – өзіммен емес, өзгемен, өзіңе үңілмей, өзің жемей, бар тәттіні қорқынышпен өзгенің аузына тосумен байланысты болды. Өзімді көзге ілмедім, өзімді менсінбедім, өзімді місе тұтпадым. Ол ұрпақ қаракөз болғандықтан, олардың бойындағы әр кездейсоқтықты қаймана қазақтың ұлттық ерекшелігі ретінде қабылдадым.
Осы салдарға қарап қалып, сүйеніп өмір сүруге болады. Сол салдармен күресіп, тарихи зәбірлеушілерді кінәләп өмір сүрсе болады. Өзгені кінәлап өмір сүру жеңілірек. Ештеңе болмағандай, ештеңе білмей, сезбей әрі қарай елемей өмір сүрсе болады. Немесе өзіме, өзімнің жарама зейін қойып, зерттеп, ішке үңіліп, сұрау салып, сырттан ғана емес, іштен де жауап іздеп, өмір сүрсе болады. Салдардың себебін түсінгім келіп, себепке қарай бет бұрып, өзімді, табиғатымды мойындайтын себепкер болуға тырыссам болады. Сол кезде ғана мен – тек салдар емес, жауапты себепкерге айналмақпын.
Жауапты себепкер ретінде өз тағдырымнан басқа айналысып жүрген мәселем – қазақ әйелінің келбеті мен гендер мәселелері. Соңғы бес жыл осы салада әлеуметтік кол ұшын созумен айналыстым. Осы Орталықта да басшылық қызметтен бөлек болмыстың ұлттық, әйелдік нысандарын зерттемек ойым бар.
Бастапқы, негізгі, бірақ жоғалған, ұмытылған, бұрмаланған әйелдің болмысы, рөлі, орны қандай?
Қандай ұлттық-мәдени психологиялық өзіндік реттеу (регуляция) және қорғаныш механизмдері бар? Бұған жауаптарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізілген жара ғана емес, салт-дәстүрлердің тарихи-саяси мақсаттарда бұрмаланбаған мағынасынан көріп, зерттеп практикалық психологияда және басқа да жапсарлас тәртіп шектес пәндерде қолданса бола ма? Өз қызметімде тек өткенді дәріптеу мақсатым емес. Мәдени, тарихи тұрғыдан қарау – тұтас, толық қарауға деген ұмтылыс. Діттегенім – болған мен болатынның қиылысында бүгінгі әлемдегі қазақ әйелінің психологиялық денсаулығы, амандығы мен орны. Әйелге фунционалдық, биологиялық (бала туу, бағу, үй тірлігін істеу) тұрғыдан ғана қарамай, істеу ғана емес, болмыс – болу деп кеңінен ғылыми зерттеу. Соған орай өзімнің табиғатымды түсінуге тырысуым, өзімнен, өзімнің табиғатымның ерекшеліктерінен іздеп, зерттеп, бөлісіп, талқылауым – өзімді адам, себепкер қазақ әйелі ретінде түсінуіме, мойындауыма деген қадам деп сенемін. Сол қадамды бірге тек сана мен тән жүзінде ғана емес, жан, рух, психика - ішкі тұтастықпен бірге сезінуге Сізді де шақырамын.
Жылы лебізбен,
Диана Рамазанқызы