Әйел/женщина/woman

Ерекше ана


Баламен ұшаққа отырған кезде авиажолаушыларға түсіндірілетін өте маңызды ереже бар.

Ол қауіпті жағдай туындағанда алдымен бетпердені ересек адам (ана) өзі киіп болған соң ғана балаға кигізеді. Мұнымен не айтқым келеді?

Ерекше балаларға қарап отырған аналардың жай-күйі қалай, қаншалықты олар бар болып тіршілік кешіп жатыр, өздерін көріп, сезіп, өздеріне қамқорлық жасап тіршілік кешуде?

Жалпы ерекше бала деп кімді айтамыз?

Олардың аналары кім бе, әлде "не"-ге айналды ма?

Ерекше балалар - созылмалы ауруы бар балалар, ол жүйке жүйесінің зақымдануымен, олардың психоэмоционалдық дамуы және мінез-құлық ерекшеліктеріне қарай әлемді қабылдауымен байланысты. Олар көбіне денсаулығы мен қалыптасуында ерекше күтім мен қарауды қажет ететін балалар.

Ерекше бала үшін, сондай-ақ жалпы барлық балалар үшін айналасындағы ата-анасы мен жақын адамдарының физикалық, психикалық-эмоционалдық тұрғыда жай-күйі өте маңызды.

Көптеген аналар баласының ерекшелігі мен аурушаңдық мәселесімен кездескенде өзіне үңіле алмай, кеудесін кернеген ауыр сезімдерге қарай алмай, бар назарын сыртқа аударып, сан қилы ойдың, сұрақтардың жетегінде кетіп, жауап таппай шарқ ұрып кетуі, көптеген салдарға алып келеді, мысалы:

- адам тұрғысында өзіне берілген өмірінен бейсаналы түрде бас тартып, өмірін балаға арнауы;

- өз қалауынан, өз еркіндігіннен бас тартуы, өз таңдауын шектеуі;

- өз бойындағы тірілігіне, тіршілігіне қарсы күресіп әлемнен баз кешуі;

- балаға тірі жан деп қарай алмауы, оның сырқатын ғана көруі;

- баланың сырқатына байланысты өзін немесе өзгені кінәлі етуі;

- неге деген сұрақтарға жауап таппай (жан деңгейіндегі ауру сезіміне қарай алмай) қорғаныс реакцияларымен жүруі;

- өзімен, өзгемен, әлеммен қатынастарын үзуі, өзін жоғалту, өзінің сүрілмеген өмірі;

- өз өмірінің мәнсізге айналуы, сырқаттың мәнге айналып кетуі;

- бейсаналы түрде баланы өзінің сүрілмей жатқан өмірі мен әлемде өз орны болмағаны үшін кінәлі етуі;

- құтқарушы мен күресушіге айналып кетуі.

Бұл салдар баланың анасын керісінше шаршатып, қажытып. эмоционалдық тұрғыда күйзеліске алып келіп, үмітсіздік пен күдер үзуге немесе керісінше жоқ бұлай болуы мүмкін емес деп қабылдамау мен теріске шығару арқылы жанын жеген ауруға қарамауға, керісінше сырқатпен күресіп баланы көрмеуге, тек сырқатпен алысып кетуге немесе түк болмағандай менің балам кәдімгі балалар секілді деп мойынсұнбауға, сондай-ақ аналардың өзін тек бала бағушы-қағушы (жалшы) ретінде өзіне қарауына алып келіп, ананың өз бойындағы шынайы сезімдерінен айырады.

Сезім болмаған жерде бала қаншалықты бар? Бар ма өзі???

Баланы көретін, сезетін адам бар ма, ал болмаса бала өзін қалай сезінуі мүмкін?

Өмірге деген құштарлық, шынайы сезімдер болмаған жерде тіршілік бар ма?

Ананың бойында сезім болмаса, тірілік болмаса, өміршеңдік болмаса, шынайы сезімі болмаса, бала, әсіресе ерекше бала мұның бәрін қайдан алады? Ананың балаға берері жоқ, өзі мұқтажға айналған ба?

“Бала үшін, осы бала үшін мен өзімді құрбандыққа шалып байланып отырмын” дегенде, баланың жан дүниесі қандай күйде? “Мен үшін, бәрі мен үшін екен, мен кінәлімін” деген сезім бала үшін де өте ауыр емес пе?

Ана ресурсты болғанда, баланың өмірге бейімделуіне қосатын үлесі зор.

Осы орайда мен ерекше және науқас балалары бар аналарға арналған “ Кесте мен кестеші” деп аталған топтық терапиялық жұмыс жүргіздім.

“Қатысқым келеді” деп жазған аналар деймін бе, білмеймін қалай атаймын, басым көпшілігінің сұрағаны “қатыссам болады ма?”, “менің ерекше балам бар” немесе “баламда осындай диагноз бар”, “мен анамын, аты-жөнім осындай, менде осындай мәселе бар” деп айтылмады. Осыдан соң “Ана” деген келбеттен бұрын адам бар ма деген сұрақ туындады.

Топтық жұмыс барысында ерекше және науқас балалары бар аналардан бөлек, дені сау балалары бар ана да қатысты.

“Топқа не үшін келдіңіздер, қандай мәселеңіз бар” деген сұраққа берілген жауап, сол баламда осындай диагноз, ал дені сау баласы бар ана балаларымның ешнәрседен тарықпағанын қалаймын дегенде, біздің қоғамдағы аналардың баладан бұрын өзі қайда, өзі бар ма? деген сұрақтардың туындауы орынды. Менің көргенім өзін көруге қауқары жоқ, өзінде жоққа айналғанды көрдім.

Жұмыс барысында Б. ана: иә, біз ерекшеміз, ерекше өмір бізде дегенде, ол бейсаналы тұрғыда қарсыласу реакциясы арқылы біз ерекшеміз, басқалардан жақсымыз деген қарама-қайшылық сезімде болып, қоғамнан оқшауланып, ешкімнің көмегі мен қолдауын қабыл алғысы келмейтінімен кездесті. Керісінше “мен көмектесе аламын” деген ұранымен кездесті.

Келесі С. есімді ана, мен баламның ерекше екенін айтқым келмейді. Ана өзін, баласын қоғамнан алшақ ұстайтынымен кездесті. Кәдімгі күнделікті қарапайым өмірде өзін жоқ етуін көрді.

Келесі ана К. баласының дертіне байланысты өзін кінәлі сезінетінімен кездесті. Үнемі өзін кінәлі сезіну, тек баланың алдында емес, өзге адамдармен қарым-қатынасында орын алып, өзін шамадан тыс құрбандыққа қиып, кінәсін өтеймін деп жанталасқан, шаршағанымен кездесті. Өзімен, өзгемен, қоғаммен қарым-қатынасының о баста қалыптаспағанымен кездесті.

Дені сау балалары бар ана “балаларым ештеңеге мұқтаж болмаса, менің өмірімнің мәні сол” деді.

Аналық келбеті балаларының тоқтығы, көйлектернің көктігі мен оларға қызмет етуші (жалшылық) өмірімен кездесті. Балаларының қарапайым әлеуметтік өмірге бейімделмегенімен кездесті.

Топтық жұмыста аналар өзге арқылы өздеріне үңіліп, өз сезімдеріне бойлап, өз мәселелерін көріп, бұл мәселенің өмірлік шындық екенімен кездесті.

Аз болсада өзіне қарауға, өз өмірім бар екен деген иістің мұрнына жақындауымен кездесті.

Әрине топтық жұмыс барысында ерекше күтімге қажеттілігі бар балалардың аналары өз қиындықтарымен, баламен қарым-қатынасында шынайы бар мәселелерімен бөлісіп, өз бойындағы сезімдерін аздап болса да танып, тәні арқылы сезініп жеткізуге өздеріне мүмкіндік алды.

Жаратылысында әрбір жанға берілген өз өмірі бар, ешкім одан “мына өмірге келесің бе?” деп сұрамады…
Made on
Tilda